Ақмола облысында бөгет жарылды: Астана-Қорғалжын тасжолын су шайды

Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы «Шөптікөл» бөгеті жарылып, еріген қар суы Астана-Қорғалжын тасжолының бір бөлігін шайып кетті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Оқиға кешкі сағат 19:00 шамасында Сабынды ауылынан солтүстікке қарай екі шақырым жерде орналасқан су қоймасында болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Сабынды елді мекеніне су басу қаупі жоқ, жағдай толық бақылауға алынған.

Куәгерлер бөгеттің жарылған сәтін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратты. Кадрлардан тасқын судың күрежолды қалай бұзып өткенін көруге болады.

Қазіргі уақытта бөгетті қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Оған ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар, полиция, жол қызметтерінен 170-ке жуық адам және 43 бірлік техника жұмылдырылған. Мамандар бөгетті нығайтып, инертті материалдар төсеп, суды басқа арнаға бұру шараларын атқаруда.

Биыл ақпан айында Шымкенттегі Бадам өзенінде заңсыз тас өндіру салдарынан бетон бөгеттің 40 метрге жуық бөлігі опырылып қалғаны белгілі. Бұл гидротехникалық құрылыстың бүлінуіне әкелген еді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика