Қазақ боксының аңыздары Серік Сәпиев пен Қанат Ислам Қазақстан бокс федерациясында (ҚБФ) жаңа қызметтерге тағайындалды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Федерацияның хабарлауынша, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев ҚБФ президентінің боксты дамыту жөніндегі кеңесшісі лауазымын иеленді.
«Кеңесші ретінде Серік Сәпиев құрамалардың нәтижесін жақсарту, спорт түрін жүйелі дамыту және Олимпиада ойындарында жоғары нәтижелерге қол жеткізумен айналысады», – делінген ресми хабарламада.
Серік Сәпиев – Олимпиада чемпионы, әлемнің екі дүркін чемпионы және Вэл Баркер кубогының иегері. Бұған дейін ол спорт және мемлекеттік басқару саласында бірқатар басшылық қызмет атқарған.
Ал кәсіпқой боксшы, WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Қанат Ислам 19 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының үйлестірушісі болып бекітілді. Оның негізгі міндеті – жастар құрамасының жұмысын үйлестіріп, олардың әлемдік аренадағы нәтижелерін жақсартуға үлес қосу.
Қанат Ислам кәсіпқой рингте WBA Fedecaribe белбеуін иеленсе, әуесқой бокста Олимпиада ойындарының, әлем чемпионаттары мен Азия ойындарының жүлдегері атанған.
Фото: gov.kz және Instagram/@Канат Ислам
