Израильдегі ядролық апат ел тағдырын шешеді: сарапшы болжамы

Танымал саясаттанушы Дулат Бәкішев Израиль, АҚШ және Иран арасындағы қақтығыстың астарында жатқан шынайы мақсаттарға талдау жасады. Сарапшының пікірінше, әр тараптың жеке, тіпті саяси көшбасшылардың жеке басына қатысты мүдделері бар, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Сарапшының жазуынша, Израильдің басты стратегиялық мақсаты – Иранды мемлекет ретінде толық жою. Олар Иран тарапынан ешқашан қауіп төнбейтіндей жағдайға жеткізуді көздейді. Бұл мақсат олардың әскери әрекеттерінен, яғни ықпалды тұлғалар мен азаматтық инфрақұрылымды жоюынан анық байқалады.

«Жекелей алғанда, премьер-министр Биньямин Нетаньяху үшін соғысты келесі сайлауға дейін созу маңызды, себебі бұл оның соттағы ісін тоқтата тұрады», — деп атап өтті Бәкішев.

Ал АҚШ-тың мүддесі бірнеше бағытты қамтиды: Тегеранның ядролық және зымырандық бағдарламаларын тоқтату, билікке өзіне бағынышты адамдарды әкелу, Таяу Шығыстағы мұнай мен газды бақылау арқылы Қытайды әлсірету. Сонымен қатар, АҚШ президенті Дональд Трамптың жеке мақсаты – сайлауға дейін «Эпштейн файлдарын» жабулы күйінде ұстау және Иран мәселесін шешіп, «аятоллаларды жеңуші» ретінде тарихта қалу.

Сарапшының пайымдауынша, Тегеран әскери тұрғыдан бұл екі елден әлсіз болғанымен, өз стратегиясын тиімді жүргізіп отыр. Егер соғыс қазір тоқтап, мәселе шешілмесе, Вашингтон мен Тель-Авив күш жинап, келесі шабуылда Иранды оңай жеңуі мүмкін. Сондықтан Иран бар күшін салуға мәжбүр.

Иран бұл жолы әлемді зымырандық қауқарымен таңғалдырды. Олар 2600 шақырым қашықтықта орналасқан АҚШ-тың «Диего Гарсия» әскери базасына соққы берді. Бұл – Еуропа елдеріне «бұл іске араласпаңдар» деген ескерту.

«Тегеран Израильдің шөлдегі ядролық нысанының жанына дәл тигізіп, өздерінің Бушердегі атом станциясына тиісуге болмайтынын аңғартты. Егер Иранда жарылыс болса, радиацияның зардабы аймаққа тарайды, ал Израильдегі ядролық апат ол елдің тағдырын толық шешеді», — деп ескертеді саясаттанушы.

Дулат Бәкішевтің сөзінше, Иранның түпкі мақсаты – АҚШ-пен келіссөзге келіп, өтемақы алу және Израильдің ядролық инфрақұрылымына халықаралық инспекция жасату арқылы қауіпсіздік кепілдігіне қол жеткізу. Тегеран ұзақ соғысқа дайын, алайда бұл Дональд Трамп үшін тиімсіз, себебі оған сайлау алдында мұнай бағасы мен экономиканы тез тұрақтандыру қажет.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика