Мереке күндері Қазақстанның ірі қалаларында ауа райы күрт өзгереді. Елордада боран соғып, күн суытса, оңтүстік мегаполистерде қатты жаңбыр күтіледі, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
«Қазгидромет» РМК синоптиктері 8-10 наурызға арналған ауа райы болжамын жариялады.
Астанада мерекенің алғашқы күні, 8 наурызда, қар аралас жаңбыр жауып, бұрқасын соғады және көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жетуі мүмкін. Ауа температурасы түнде 0…-2°С, күндіз 0…+2°С шамасында болады. 9 наурызда қар жауып, боран жалғасады, температура түнде -8°С, күндіз -6°С дейін төмендейді. Ал 10 наурызда аяз күшейіп, түнде сынап бағаны -17°С, күндіз -15°С көрсетеді.
Алматыда 8 наурыз жауын-шашынсыз, жылы болады. Ауа температурасы күндіз +14…+16°С дейін көтеріледі. Алайда 9 наурыз күні кешке жаңбыр жауа бастайды. 10 наурызда жауын-шашын қарға ұласып, күн күрт суытады. Температура түнде 0…-2°С, ал күндіз небәрі +1…+3°С болады. Синоптиктер қала тұрғындарына тұман түсетінін де ескертеді.
Шымкентте мерекелік демалыс толығымен жаңбырлы өтеді. 8 наурызда жаңбыр жауып, тұман түседі, күндіз ауа +16°С дейін жылиды. 9 наурызда жауын күшейіп, нөсерге айналуы ықтимал. Солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 20 метрге жетуі мүмкін. 10 наурызда да қатты жауын-шашын сақталады.
Фото: Әлеуметтік желіден
