Иран өзінің жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеидің АҚШ пен Израильдің бірлескен әскери операциясы салдарынан қаза тапқанын ресми түрде растады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Иранның Tasnim, IRNA, ISNA, Mehr және Fars сияқты мемлекеттік ақпарат агенттіктері 1 наурыз күні таңертең Хаменеидің 28 ақпанда қаза болғанын растап, ақпарат таратты. Fars агенттігінің хабарлауынша, ол өз резиденциясындағы жұмыс орнында өлтірілген.
«Ислам революциясының ұлы көсемі, құрметті аятолла Хаменеи 28 ақпан, сенбі күні таңертең сионистік режим мен АҚШ жасаған шабуыл нәтижесінде шейіт болды», — делінген ресми хабарламада.
Осыған байланысты ел үкіметі 40 күндік жалпыұлттық аза тұту және жеті күндік демалыс жариялады. Әли Хаменеи Ислам Республикасын соңғы 36 жыл бойы басқарып келген еді.
Иран президентінің ресми Telegram арнасында жарияланған мәлімдемеде бұл қылмыстың жауапсыз қалмайтыны ескертілді.
«Бұл ауыр қылмыс ешқашан жауапсыз қалмайды… Біз осы қылмысты ұйымдастырып, іске асырғандарды қатты өкіндіретін боламыз», — делінген мәлімдемеде.
Бұған дейін Хаменеидің қазасы туралы АҚШ президенті Дональд Трамп хабарлаған болатын. Ол Иранның рухани көсемін «тарихтағы ең зұлым адамдардың бірі» деп атаған еді.
Фото: Әлеуметтік желіден
