Жезқазған қаласында жолдың ортасындағы шұңқыр салдарынан жол-көлік оқиғасы орын ала жаздады. Шевченко 3–5 көшесі маңында автокөлік асфальт опырылып түскен шұңқырға түсіп кеткен.
Оқиға туралы блогер Мария Виниченко айтты. Оның сөзінше, мінген көлік жолдағы шұңқырға «күмп етіп» түсіп кеткен. Ең сорақысы – қауіпті аумақ ешқандай қоршаусыз, ескертусіз тұрған.
Бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес. Өткен жылдың күзінде дәл осы жерде Марияның күйеуі де жол апатына ұшыраған. Ол кезде шұңқыр бұдан да үлкен болған. Қарсы келе жатқан көліктің жарығынан шұңқыр көрінбей, көлік соған түсіп кеткен. Яғни мәселе бір күнде пайда болмаған, бірақ әлі күнге дейін шешімін таппаған.
Қазір бұл жол қала тұрғындарын қайта алаңдатып отыр. Жолдың ортасы опырылып жатса да, тиісті қызметтер тарапынан нақты әрекет байқалмайды. Қоршау қою, ескерту белгісін орнату – ең қарапайым қауіпсіздік шарасы емес пе? Әлде адам зардап шеккен соң ғана қимылдай ма?
Қала әкімдігі жолдардың жай-күйіне қашан жауапкершілікпен қарайды? Қауіпсіздік талаптары сақталмаған жерде кез келген сәтте үлкен қайғылы жағдай болуы мүмкін.
Видео @etozhez
