Тоқаев: Олимпиададағы нәтиже – ел дамуының маңызды көрсеткіші

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бұқаралық және кәсіби спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Олимпиада ойындарындағы нәтиже әрқашан ел дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі болып саналғанын және солай бола беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан алдына мақсат қойған әрбір еңбекқор азаматтың өз қабілетін толық көрсете алатын Әділетті Қазақстанды құру жолында.

«Біз алдына мақсат қойған әр еңбекқор жан өзінің қабілет-қарымын көрсете алатын, соның ішінде спортта көздеген биігіне жетуі үшін мол мүмкіндікке жол ашатын Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Адал бәсеке, меритократия, тәртіп пен жауапкершілік – бұл үлкен спорттың да, кез келген қуатты мемлекеттің де діңгегі», – деді Президент.

Сонымен қатар, Тоқаев мемлекеттердің дамуын үлкен спортқа теңеді. Оның пікірінше, кім алдына биік мақсат қойып, табанды еңбек етсе, сол ғана үлкен жетістікке жетеді.

Президент жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, жеке рекордтарын жаңартқан спортшыларды да құттықтады.

«Кейбір спортшыларымыз осындай ауқымдағы жарысқа алғаш рет қатысса да, олар лайықты өнер көрсетті. Көптеген спортшымыз өздері сынға түскен сайыста үздік ондыққа енді. Бұл болашақтағы табыстарға жол ашады. Азаматтарымыздың халықаралық деңгейдегі жетістіктері еліміздің өркендеп келе жатқанын көрсетеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жақында Милан мен Кортинада басталатын Қысқы Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларға сәттілік тіледі.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика