Жер тапшылығы мен күрделі реновация: неге Алматыда баспана бағасы тоқтаусыз қымбаттай береді?

Фото: Qazaq Expert Club

Құрылыс саласындағы сарапшысы Диляра Сейітнұрованың айтуынша, Алматыда баспана бағасы өсе береді. Бұған құрылымдық себептер бар қаланың орталық аудандарында құрылысқа арналған бос жер іс жүзінде қалмаған, ал ескі тұрғын үй қорын жаңарту бос учаскеде жаңа үй салуға қарағанда орта есеппен 20–35%-ға қымбатқа түседі, деп саралайды QazaqToday.info ақпараттық порталы.

2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша қалада 14 450 пәтері бар 1 403 тозығы жеткен көпқабатты үй бар. Олардың басым бөлігі — 1980 жылға дейін салынған, екі қабатты және қазіргі сейсмотұрақтылық талаптарына сәйкес келмейтін ғимараттар. Сонымен қатар жаңа учаскелер не мүлде жоқ, не қымбат инженерлік инфрақұрылым тартуды талап етеді.

«Таза алаңда жаңа кварталдарды инженерлік желілерге қосу жобаның өзіндік құнын бірнеше есе арттырады. Ал ескі аудандарда желілер бар болғанымен, олар толықтай тозған және толық ауыстыруды қажет етеді — жылу желілері, су құбыры, кәріз жүйесі», — дейді сарапшы.

1 403 тозығы жеткен үйдің: 170-і «қызыл сызықтарда» орналасқан және стандартты құрылысқа жатпайды, 255-і тек нүктелік қайта салуға ғана жарамды, тек 978 нысан ғана кешенді реновация үшін инвестициялық тартымды болып саналады. Дәл осы үйлер бүгінде қаланы жаңарту нарығын қалыптастырып отыр.

«Соған қарамастан, бағдарлама нақты нәтиже беріп жатыр. 2021 жылдан бері 1 752 меншік иесі жаңа баспанаға қол жеткізді. Тек 2025 жылдың өзінде 670 отбасы қоныс аударды, жоспар 100% орындалды. 93 апатты үйдің орнына заманауи инженерлік инфрақұрылымы бар жаңа кварталдар салынуда», — деп бөлісті Диляра Сейітнұрова.

Дегенмен, қаланың таңдауы көп емес не қолданыстағы құрылыс тығыздығын арттыру, не тозу деңгейі 60–80% болатын 1 403 үйді жүйелі түрде жаңарту.

«Мәселе реновация керек пе дегенде емес. Мәселе — оның келесі кезеңін кім және қандай шарттармен қаржыландырады қала, жеке капитал немесе олардың бірлескен моделі ме?» — деп түйіндеді сарапшы.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика