ҚХА реформасы: Ассамблеяның орнына жаңа Халық кеңесі құрылады

Жалпыұлттық коалиция мүшелері Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесіп, жаңа Конституция аясындағы өзгерістерді талқылады. Жиынның басты тақырыбы – Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қайта қарау және жаңа кеңесші орган құру болды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Қарағандыдағы Достық үйіне 150-ге жуық адам жиналды. Олардың арасында қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, мәслихат депутаттары және өңірдің белсенді азаматтары болды. Кездесуде билік тармақтарын жаңарту, этносаралық келісімді нығайту және қоғамдық институттарды реформалау мәселелері сөз болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері жаңа Конституцияда көпэтносты қоғамның мүддесі ескерілгенін атап өтті.

«Көпэтносты қоғам үшін сенім, теңдік және өзара сыйластық – басты құндылық. Бұл қағидаттар жаңа Конституцияның негізіне алынған», — деп атап өтті Ассамблея өкілдері.

Жиында Ассамблеяның тұрақтылық пен келісімді сақтауда тарихи рөл атқарғаны айтылды. Алайда, қазіргі қоғамдық процестер мемлекет пен азаматтар арасындағы байланыстың жаңа тетіктерін талап етеді. Осыған байланысты Президент жаңа Халық кеңесін құруды ұсынды.

Бұл жаңа орган этномәдени бірлестіктердің, мәслихаттардың және азаматтық сектордың өкілдерін біріктіретін негізгі диалог алаңына айналуы тиіс. Ең бастысы, Халық кеңесіне заңнамалық бастама жасау құқығы беріледі. Бұл кеңеске қоғамның сұранысына сай маңызды мәселелерді көтеріп, нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында қатысушылар жаңа Конституцияны толық қолдайтынын және қоғамдық бірлікті нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика