«Ғасыр жекпе-жегі» қайталанады: Мейвезер мен Пакьяо реваншының күні белгілі

Кәсіпқой бокстың қос аңызы, жеңіліп көрмеген америкалық Флойд Мейвезер мен филиппиндік Мэнни Пакьяо рингте қайта кездесетін болды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Тарихи реванштың өтетінін Netflix стриминг платформасы ресми түрде жариялап, жекпе-жекті тікелей эфирде көрсетуге эксклюзивті құқық алғанын мәлімдеді. Аты аңызға айналған боксшылардың екінші кездесуі 2026 жылдың 19 қыркүйегіне жоспарланған. Кәсіпқой мәртебеге ие жекпе-жек АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы заманауи Sphere аренасында өтеді.

Мейвезер мен Пакьяо алғаш рет 2015 жылдың мамырында жұдырықтасып, ол кездесу тарихта «Ғасыр жекпе-жегі» деген атаумен қалған еді. Сол жолы америкалық боксшы төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетіп, жартылай орта салмақтағы WBA, WBC және WBO чемпиондық белбеулерін сақтап қалған болатын. Бұл кездесу кәсіпқой бокс тарихындағы коммерциялық тұрғыдан ең табысты оқиғалардың біріне айналды.

Жақында 47 жастағы Мэнни Пакьяо кәсіпқой боксқа қайта оралып, Марио Барриоспен титулдық жекпе-жек өткізіп, кездесуді тең аяқтады. Осыдан кейін оның Мейвезермен реванш өткізуі мүмкін деген әңгіме қайта жанданды.

Ал 49 жастағы Флойд Мейвезер соңғы ресми кездесуін 2017 жылы өткізген. Ол UFC файтері Конор Макгрегорды жеңіп, 50-0 деген мінсіз рекордпен мансабын аяқтаған еді. Содан бері америкалық боксшы үлкен рингке оралмаса да, көрсетілімдік жекпе-жектерге жиі шығып жүр.

Фото: Depositphotos

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика