Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қазақстандықтардың Еңбек кодексінде көрсетілген маңызды құқығын еске салды: әрбір қызметкер денсаулығын тексеру үшін жылына үш күнге дейін ақылы әлеуметтік демалыс ала алады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Депутат бұл мүмкіндік жайлы көпшіліктің біле бермейтінін, алайда бұл құқық Еңбек кодексінде нақты бекітілгенін атап өтті. Ол бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Көп адам мұны білмейді. Еңбек кодексінің 87-бабында скринингтік зерттеулерден өту үшін арнайы әлеуметтік демалыс қарастырылған. Қызметкерге жылына 3 жұмыс күніне дейін осындай демалыс беріледі және жұмыс беруші оны ұсынуға міндетті. Өз құқығыңызды пайдаланып, скринингтен өтіңіздер», — деді Асхат Аймағамбетов.
Заң бойынша, қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан бөлек, түрлі әлеуметтік демалыстар да беріледі. Олардың қатарына оқуға, бала күтіміне, жүктілікке байланысты және денсаулықты тексеру сияқты мақсаттарға арналған демалыстар кіреді.
Скринингтік тексеруден бөлек, жүктіліктің 12 аптасына дейін медициналық есепке тұру үшін де кемінде үш жұмыс күніне дейін демалыс қарастырылған.
Фото: Sputnik / Санат Имангалиев
