Италияда өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарында бүгін әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан чемпион мен жүлдегерлер анықталады. Бұл сында Қазақстан намысын 19 жастағы Софья Самоделкина қорғайды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Кеше өткен қысқа бағдарламаның қорытындысы бойынша отандасымыз 12-орынға жайғасқан болатын. Енді ол еркін бағдарламада соңғы топтың алдында бірінші болып мұзға шығады.
Қазіргі уақытта Олимпиаданың жалпы медальдар есебінде Норвегия көш бастап тұр. Олардың қоржынында 33 медаль (15 алтын) бар. Екінші орында – Италия (26 медаль, 9 алтын), ал үздік үштікті АҚШ (24 медаль, 7 алтын) түйіндеп тұр.
Қазақстан құрамасы мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың сенсациялық жеңісінен кейін жалпы есепте 18-орында келеді. Еліміздің қоржынында бір алтын медаль бар. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Бразилиямен бір орынды бөлісіп тұр. Жалпы, Италиядағы Олимпиадада 26 елдің спортшылары жүлдеге ие болды.
Осы Олимпиадада үздік ондыққа енген басқа да қазақстандық спортшылар:
Надежда Морозова (конькимен жүгіру спорты) – 3000 метр қашықтықта алтыншы орын;
Денис Никиша (шорт-трек) – 500 метр қашықтықта жетінші орын;
Илья Мизерных (тұғырдан секіру) – үлкен тұғырдағы жарыста сегізінші орын;
Анастасия Городко (фристайл) – параллельді могулда сегізінші орын;
Евгений Кошкин (конькимен жүгіру спорты) – 500 метр қашықтықта тоғызыншы орын.
Фото: Әлеуметтік желіден
