Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Миланда өткен Қысқы Олимпиада ойындарында тарихи жеңіске жетіп, алтын медаль жеңіп алды. Бұл – еліміздің қысқы спорт тарихындағы 32 жылдан кейінгі алғашқы жоғары наградасы, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Осылайша, Михаил Шайдоров егемен Қазақстан тарихындағы екінші Қысқы Олимпиада чемпионы атанды. Бұған дейін мұндай жетістікке тек шаңғышы Владимир Смирнов 1994 жылы Лиллехаммерде қол жеткізген еді. Сондай-ақ бұл – Қазақстанның мәнерлеп сырғанаудан Олимпиададағы тұңғыш алтыны.
Михаил еркін бағдарламада Димаш Құдайбергеннің композициясымен өнер көрсетіп, 198,64 ұпай жинады. Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша оның жалпы ұпайы 291,58 балды құрады. Бұл нәтиже оған жарыс кестесінде бірінші орынды қамтамасыз етті.
Күміс медальді жапониялық Юма Кагияма (280,06 ұпай) иеленсе, қола жүлде тағы бір жапон спортшысы Шун Сатоның (274,90 ұпай) еншісіне бұйырды.
«Қазақстан тарихындағы қысқы Олимпиада ойындарында екінші алтын медаль! Еліміз үшін мәнерлеп сырғанаудан алғашқы алтын жүлде! Миша, Қазақстан халқы сенімен мақтанады! Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, керемет жетістік!» – деп жазды Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті.
