Президент сынаған қазақша ЖИ: «Абай жолын» Абай жазған деп жауап берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сынға алған отандық KazLLM жасанды интеллекті қазақ әдебиетінің классикасы саналатын «Абай жолы» романын Абай Құнанбайұлының өзі жазған деп жауап беріп, жұртты таңғалдырды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Желі қолданушылары бірнеше жасанды интеллектке «Абай жолы» романын Абай жазған ба?» деген сауал қойып, жауаптарын салыстырған. ChatGPT пен Gemini бұл сұраққа «Жоқ, «Абай жолын» Мұхтар Әуезов жазған» деп дұрыс жауап берген. Ал отандық ISSAI KazLLM бұл сауалға «Иә, «Абай жолы» романын Абай Құнанбайұлы жазған» деп қате ақпарат беріп, соңынан ақынның портреттерін ұсынған.

Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев KazLLM-ді 600 мыңнан астам адам пайдаланатынын мәлімдеген еді. Алайда, Президент бұл деректердің шынайылығына күмән келтіріп, оны тексеру қажеттігін ескерткен.

«Көрейік. Мұны тексеру керек», – деді Мемлекет басшысы.

Желідегі пікірлерге қарағанда, көптеген қолданушы отандық жасанды интеллектінің сайтын тапқанымен, оны іске қоса алмағанын айтады. Сонымен қатар, KazLLM негізінде жасалған Oylan 3.0 өнімінің қарапайым орысша мәтінді қазақшаға аудара алмағаны да белгілі болды.

Фото: stan.kz

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика