Қазақстанда несие даму құралы болудан қалды: Сарапшылар дабыл қағуда

Ұлттық банк инфляцияны ауыздықтау үшін базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде ұстап тұр. Алайда бұл шешім экономикаға қалай әсер етіп, бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр? Qazaq Expert Club сарапшылары осы жағдайға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Қаржыгер Венера Жаналинаның айтуынша, жоғары мөлшерлеме – бұл қатаң ақша-несие саясатының мақсаты емес, салдары. Қазіргі жағдайда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстауға мәжбүр. Себебі елдегі инфляция межеден әлі де жоғары, ал инфляциялық күтулер тұрақты болып отыр.

«Несиені қымбаттату арқылы ішкі сұранысты салқындату – инфляциялық қысым жағдайында ақталған қадам. Ұлттық банктің мақсаты – ақшаның құнын қымбаттату арқылы баға өсімін тежеу. Халықаралық валюта қоры сияқты халықаралық институттар да инфляция мақсатты көрсеткішке жақындамайынша, қатаң ақша-несие саясатын сақтауға кеңес береді», — дейді Венера Жаналина.

Алайда сарапшы тұрақтылық пен даму арасында қайшылық туындап отырғанын атап өтті. Қатаң мөлшерлеме инфляцияға қарсы тиімді құрал болғанымен, ол инвестициялық несиелеуді шектеп, бизнестің назарын өсуден гөрі, қаржылық тұрақтылықты сақтауға ауыстырады.

Басқа бір қаржыгер Жания Сандыбайдың пікірінше, жоғары базалық мөлшерлеме несиелеудің рөлін түбегейлі өзгерткен.

«Корпоративтік қарыздардың құны жылдық 20-30% болғанда, несие даму құралы болудан қалады. Мұндай жағдайда банктерге Ұлттық банктің ноталары мен мемлекеттік облигацияларға қаражат салу әлдеқайда тиімді. Өйткені кірісі бірдей, ал тәуекелі аз. Нәтижесінде экономика «ұзын ақшадан» қағылып, жоспарлау мерзімі бірнеше айға дейін қысқарады», — деп түсіндірді ол.

Сарапшы қымбат капиталдың инвестицияға тікелей соққы болып тиетінін айтады. Компаниялар кеңею, жаңғырту сияқты жобаларын кейінге қалдырып, шығындарын азайтуға көшеді. Бұдан ең қатты зардап шегетіндер – шағын және орта бизнес, ұзақ инвестициялық циклі бар жобалар.

Оның сөзінше, екінші бір кері әсер де бар: қолжетімді қаржыландыру болмағандықтан, бизнес шығындарын тауар бағасына қосады. Бұл жоғары мөлшерлеменің инфляцияны тежеу әсерін ішінара жояды.

«Нақты мысал келтірейік. Бір компания лизингке жалпы құны 120 млн теңге тұратын 3 көлік алғысы келеді делік. Егер мөлшерлеме 14% болса, ай сайынғы төлем шамамен 2,2 млн теңгені құрап, жалпы артық төлем 38 млн теңге болады. Ал мөлшерлеме 24% болғанда, ай сайынғы төлем 2,75 млн теңгеге дейін өсіп, артық төлем 69 млн теңгеге жетеді. Яғни жоба 30 млн теңгеден астам сомаға қымбаттайды», — дейді Жания Сандыбай.

Венера Жаналинаның қорытындылауынша, базалық мөлшерлемені экономикалық өсімге зиян келтірмей, ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде ұстау мүмкін емес. Инфляциямен тиімді күресу үшін ақша-несие саясаты мен бюджеттік саясатты үйлестіру қажет.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика