Таяу Шығыста қалыптасып отырған ахуал — жай ғана аймақтық шиеленіс емес, әлемдік энергетика қауіпсіздігі үшін сын-қатердің айқын белгісі. АҚШ авианосец тобының Иран жағалауына жақындауы Таяу Шығыстағы жаңа белгісіздіктің басталғанын аңғартты. Бұл – жыл сайын ондаған әскери маневр өтетін аймақ үшін қалыпты құбылыс сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ дәл осы жолғы жағдайдың салмағы басқаша. Өйткені шиеленіс әлемдік мұнай нарығын ұстап тұрған ең шешуші нүктемен – Ормуз бұғазымен тікелей байланысты. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

Экономист сарапшы Бекнұр Қисықов бұл өңірдің маңызын былай түсіндіреді: «Сіз сөз етіп отырған – Ормуз бұғазы. Бұл бұғаз арқылы шамамен 20–25 миллион баррель мұнай өтеді. Яғни бұл – әлемдік мұнай айналымының 20 пайызы. Сондықтан онда қандай да бір шиеленіс немесе қақтығыс туындаса, оның жаһандық нарыққа айтарлықтай әсер ететіні анық». Оның айтуынша, АҚШ әскери флоты онда бірнеше онжылдықтан бері орналасқан, әскери базалары да бар. Бұл – Вашингтонның аймақтық ықпалын сақтауға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиясының көрінісі.
Ормуздың саяси салмағы мұнай көлемімен ғана өлшенбейді. Бұғаз – Парсы шығанағы елдерінің экономикалық тынысы. Ал Иран үшін бұл нүкте тіпті өмірлік маңызы бар дәліз. Сарапшы Қисықов та бұл туралы атап өтеді: «Иранның өзі де Ормуз бұғазы арқылы күніне шамамен 1,5 миллион баррель мұнай экспорттайды. Бұл бұғаз Иран үшін де аса маңызды. Сондықтан негізгі мақсат – АҚШ-тың аймақтағы ықпалын шектеу, олардың еркін әрекет етуіне кедергі келтіру» дейді ол. Бұғазға жақын орналасқан Бендер-Аббас пен Жебел-Али порттары – өңірдегі ең ірі логистикалық тораптар, сондықтан кез келген әскери қозғалыс олардың жұмысына бірден әсер етеді.

Қазір АҚШ пен Иран күштерінің бір-біріне тым жақын орналасуы әлемдік мұнай нарығы үшін қауіпті белгі. Мұндай жағдайда баға тек ұсынысқа байланысты емес, қорқыныштың өзімен-ақ өседі. Соңғы күндері нарықтағы құбылмалылық та осы үрейдің айқын көрінісі. Егер әскери эскалация шын мәнінде басталса, мұнай 90–100 долларға дейін қымбаттайтыны жөнінде пікірлер көбейді. Қисықов та осы болжамды қолдайды: «Аймақта эскалация басталса, мұнай бағасының күрт өсіп кетуі мүмкін. Ашық қақтығыс болса, баға барреліне 100 долларға дейін көтерілуі ықтимал» дейді ол.
Мұндай жағдайдың Қазақстанға әсері екі түрлі болуы мүмкін. Бір жағынан, мұнайдың қымбаттауы – экспорттық кірістің көбеюіне, Ұлттық қордың толысуына әкеледі. Екінші жағынан, геосаяси тұрақсыздық логистикаға, теңге бағамына, тасымал шығындарына қосымша салмақ түсіреді. Қазіргі таңда Қазақстан мұнайының басым бөлігі Каспий Құбыр Консорциумы арқылы тасымалданады. Бірақ оның өткізу қабілеті соңғы жылдары төмендеген. Сарапшы да осы мәселеге назар аударады: «Каспий құбыр консорциумының қуаты бұрынғы 45 пайыздан шамамен 35 пайызға дейін төмендеді. Сондықтан Баку–Жейхан бағыты арқылы экспортты күшейту маңызды» дейді ол.
Қазақстан үшін Иран тек мұнай бағасы тұрғысынан емес, стратегиялық серіктес ретінде де маңызды. Қисықовтың пікірінше: «Иран арқылы біз өз тауарымызды Үнді мұхитына шығаруға мүмкіндік аламыз. Бірақ бұл бағытта да өз қиындықтары бар. Мұнай бағасы өссе – жақсы, бірақ экспорт логистикасы жағынан белгілі бір мәселелер туындауы мүмкін» дейді сарапшы.
Сценарийлерге келсек, жағдайдың үш түрлі дамуы ықтимал: шиеленіс қазіргі деңгейде қалып қоюы, уақытша тыныштық кезеңі, немесе ең жағымсызы – ашық соғыс. Соңғы нұсқа – әлемдік экономика үшін де, Қазақстан үшін де ең күрделі сценарий. Өйткені мұнай бағасы көтерілгенмен, логистикалық дағдарыс тереңдеп, өңірлік тұрақсыздық күшейеді.
Мақаланы қорытындылай келе, сарапшы Қисықовтың сөзі жағдайдың шын мәнінде қаншалықты салмақты екенін көрсетеді: «Қандай да бір қақтығыс біз үшін геосаяси тұрғыда тиімді емес. Себебі шекаралас өңірлерде тұрақсыздық, босқындар тасқыны сияқты жанама әсерлер болуы мүмкін. Ал экономикалық тұрғыдан мұнай бағасы өссе де, экспорт жолдарына түсетін қысым артады» дейді ол.
Таяу Шығыста басталған бұл жаңа толқын — тек аймақтың емес, бүкіл әлемдік экономиканың жүрегін шымырлатып тұрған фактор. Ормуздағы кез келген сілкініс Қазақстанға дейін жетеді. Сондықтан бұл оқиғаларды жай сыртқы жаңалық емес, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатысты маңызды индикатор ретінде қарастырған жөн.
