Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның суперпрезиденттік басқару үлгісінен түбегейлі бас тартып, жаңа саяси жүйеге көшетіні туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының айтуынша, Жаңа Конституция жобасына енген нормалар елдегі саяси жүйенің даму қисыны мен бірізділігін бекітеді. Бұл өзгерістер ең алдымен «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделген.
«Соңғы жылдардағы саяси реформаларға кеңінен қарасақ, Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкеніне көз жеткізуге болады. Ұсынылып отырған өзгерістер – осы үдерістің заңды жалғасы», — деп атап өтті Тоқаев.
Президент 2022 жылғы конституциялық реформа сияқты саяси жаңғыртулар мемлекеттің конституциялық негізін толық қайта құру қажеттігін көрсеткенін жеткізді. Оның сөзінше, бұл – мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру дегенді білдіреді.
Ұсынылған түзетулер билік тармақтары арасындағы құзыреттерді қайта бөлуге, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейтуге бағытталған. Ең басты мақсат – барлық саяси институттардың тиімділігі мен орнықтылығын арттыру.
«Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түсті. Біз 2019 жылдан бері дәйекті түрде осы жолмен жүріп келеміз», — деді Мемлекет басшысы.
Фото: Ақорда
