Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV Қысқы Олимпиада ойындары басталады. Дүбірлі додаға Қазақстаннан 36 спортшы аттанып, 10 спорт түрінен бақ сынайды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстанның көк туын шорт-трек шебері Денис Никиша мен фристайлшы Аяулым Әмренова алып шығады. Биылғы ұлттық құраманың орташа жасы – 25. Бұл – еліміздің Олимпиада тарихындағы ең жас команда.
Спортшыларымыз мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру, фристайл (акробатика және могул), биатлон, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы және тау шаңғысы сияқты 10 спорт түрінен жүлдеге таласады.
Өкінішке қарай, жанкүйерлер асыға күтетін шайбалы хоккейден Қазақстанның ерлер де, әйелдер де құрамасы бұл Олимпиадаға қатыспайды. Ерлер құрамасы іріктеу кезеңінде Словакияға есе жіберіп, жолдамадан қағылса, әйелдер командасы іріктеудің шешуші сатысына өте алмады. Еске сала кетсек, Қазақстанның ерлер құрамасы бұған дейін 1998, 2002 және 2006 жылдардағы Олимпиада ойындарында бақ сынаған.
Олимпиада ойындарын Қазақстан аумағында «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және «Jibek Joly» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Аталған арналар Халықаралық олимпиада комитетінен ресми көрсетілім құқығын сатып алған. Алайда, бұл құқық үшін қанша қаражат жұмсалғаны коммерциялық құпия саналады.
Фото: Әлеуметтік желіден
