Ақтөбеде 20 адамды алдаған зергер ұсталды: Шығын көлемі 12 млн теңгеден асқан
Ақтөбе қаласында 20-дан астам адамды алдап, олардың алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп келген зергер ұсталды. Келтірілген шығын 12 млн теңгеден асады.
Ақтөбеде тұрғындардың алтын бұйымдарын алдап алып, ломбардқа өткізіп келген зергерлік шеберхана қызметкері ұсталды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Полицияға Орталық базар маңындағы тұрғындардан шағым түскен. Олардың айтуынша, жергілікті зергер жөндеуге немесе жаңа бұйым жасауға деп алған алтын әшекейлерін қайтармай қойған. Тергеу барысында күдіктінің клиенттердің сеніміне кіріп, олардың бағалы заттарын ломбардқа өткізіп отырғаны белгілі болды.
Түскен ақшаны ол жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Құқық қорғау органдары оның кем дегенде 20 алаяқтық ісіне қатысы барын анықтады. Келтірілген жалпы шығын көлемі 12 миллион теңгеден асады.
Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осыған ұқсас жағдайға тап болған азаматтардан полицияға хабарласу сұралады.
Фото: Әлеуметтік желіден
