Ақтөбе облысында үш көлік соқтығысқан ірі жол апатынан төрт адам қаза тапты. Қайғылы оқиға 25 қаңтарда Ақтөбе-Орынбор тас жолында болды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға кешкі сағат 17:00 шамасында Құрайлы кентінің маңында тіркелген. Алдын ала дерек бойынша, Honda Odyssey көлігінің жүргізушісі Ақтөбеден Мартөк кентіне бара жатып, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен.
Салдарынан ол алдымен Hyundai Solaris көлігімен соқтығысқан. Соққыдан кейін Honda бағытын өзгертіп, қарсы келе жатқан ВАЗ-2110 автокөлігіне барып соғылған.
Жол апаты салдарынан ВАЗ-2110 көлігінің жүргізушісі мен оның үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі адам – Honda Odyssey көлігінің бір жолаушысы мен ВАЗ-2110 көлігінің тағы бір жолаушысы жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді.
Қазіргі уақытта апатқа себепкер болды деген күдікпен Honda Odyssey жүргізушісі Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша тексеру басталды.
Фото: Әлеуметтік желіден
