Дауыл соғып, көктайғақ болады: Қазақстанның 16 өңіріне ескерту жасалды

26 қаңтарда Қазақстанның 16 өңірінде ауа райы күрт нашарлайды. Бірқатар облыста қар жауып, бұрқасын соғады, тұман түсіп, көктайғақ болады және жел екпіні секундына 20 метрге дейін күшейеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

«Қазгидромет» РМК синоптиктері дүйсенбі, 26 қаңтарға арналған дауылды ескертуді жариялады.

Абай облысында қар жауып, бұрқасын соғады, тұман түседі. Желдің екпіні секундына 20 метрге дейін күшейеді.

Ақмола облысының оңтүстігі мен шығысында қар жауып, бұрқасын соғады. Түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін.

Ақтөбе облысының оңтүстігінде, шығысында және орталығында 26 қаңтар күні күндіз қар жауып, бұрқасын соғады, жел екпіні секундына 15 метрге жетеді.

Алматы облысында 26-28 қаңтар аралығында солтүстік пен оңтүстікте тұман түсіп, көктайғақ болады. 27-28 қаңтарда облыстың шығысында жел күшейіп, екпіні секундына 15-20 метрге жетуі ықтимал. Алматы мен Қонаев қалаларында осы күндері түнде және таңертең тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.

Атырау облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында қар жауып, бұрқасын болады.

Шығыс Қазақстан облысында түнде және күндіз қар жауып, бұрқасын соғады, кей аудандарда тұман түседі. Күндіз жел екпіні секундына 18 метрге дейін жетуі ықтимал.

Жамбыл облысының солтүстігінде, батысында, шығысында және таулы аудандарында түнде және таңертең қар жауып, бұрқасын соғады, тұман, көктайғақ күтіледі. Таулы аймақтарда жел екпіні секундына 20 метрге жетуі мүмкін. Тараз қаласында тұман мен көктайғақ болжанады.

Жетісу облысында түнде және күндіз қар, тұман, көктайғақ және бұрқасын күтіледі, таулы аудандарда жел екпіні секундына 20 метрге жетуі ықтимал. Талдықорғанда түнде тұман түсіп, көктайғақ болады.

Батыс Қазақстан облысында аздаған қар жауып, бұрқасын соғады және тұман түседі. Орал қаласында түнде және таңертең тұман болжанады.

Қарағанды облысында түнде қар жауып, бұрқасын соғады, күндіз бұл жағдай өңірдің солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде сақталады. Бірқатар ауданда тұман күтіледі. Қарағандыда түнде және таңертең тұман болады.

Қостанай облысының батысында, оңтүстігінде және солтүстігінде тұман түседі.

Қызылорда облысының батысында, солтүстігінде және орталығында таңертең және күндіз көктайғақ болады, көптеген ауданда тұман күтіледі. Қызылорда қаласында күндіз көктайғақ болжанады.

Маңғыстау облысында түнде және күндіз көктайғақ, сондай-ақ облыстың батысында, солтүстігі мен орталығында тұман түседі. Ақтау қаласында көктайғақ күтіледі.

Павлодар облысында қар жауып, бұрқасын соғады, тұман түседі. Жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Павлодар қаласында қар, бұрқасын және тұман күтіледі.

Түркістан облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында түнде және таңертең көктайғақ, кей аудандарда тұман болжанады. Тауларда жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Шымкент пен Түркістан қалаларында тұман мен көктайғақ болуы мүмкін.

Ұлытау облысында түнде солтүстік, шығыс және орталықта қар жауып, бұрқасын соғады, күндіз батыс, оңтүстік және орталық бөлігінде де осындай жағдай күтіледі. Кей уақытта тұман түсуі мүмкін. Жезқазғанда 26 қаңтарда тұман болады.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика