Ұлттық қордан төлем: Сүлейменов 2026 жылы балалар қанша ақша алатынын айтты

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 2025 жыл үшін төленетін қаражаттың болжамды мөлшерін атады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Балаларға үшінші рет төленетін қаражат 2026 жылдың 1 ақпанынан кешіктірілмей аударылады. Әзірге нақты сома бекітілген жоқ. Алайда Сүлейменовтің сөзінше, балалар былтырғы жылдағыдай шамамен 130 доллар (65 мың теңгеден сәл астам) алады.

2025 жылдың 31 желтоқсанында 18 жасқа толмаған, Қазақстан азаматы болып саналатын барлық бала бұл төлемді ала алады.

Сүлейменов 2025 жылы Ұлттық қорды басқарудан түскен кіріс 8,7 млрд доллар болғанын, бұл доллармен есептегенде жылдық 15% кірісті құрағанын мәлімдеді.

«Бұл екі көрсеткіш те рекордтық деңгейде, Ұлттық қорды басқару тарихында мұндай ешқашан болған емес. Сондықтан бұл қордан алынған қомақты трансферттерге қарамастан, оның өсуіне мүмкіндік берді», – деді ол брифингте.

Айта кетейік, 2024 жылы жас қазақстандықтарға 100,52 доллардан, ал 2025 жылы 129,38 доллардан аударылған еді.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика