Шығыс Қазақстан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланып, 1 миллиард теңгеден астам табыс тапқан ЖШС басшысына қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Тергеу мәліметінше, Шемонаиха ауданындағы «Глинковское» кен орнында заңсыз темір рудасы өндірілген. Кәсіпорын басшысының қолында тек геологиялық барлау жұмыстарына арналған лицензиясы болған. Алайда ол бұл құжатты жамылып, кенді заңсыз өндіріп, өңдеген және оны ел ішінде, тіпті Қытайға да сатып келген.
Заңсыз өндірілген өнімнің жалпы көлемі 70 мың тоннадан асқан. Күдікті бұл әрекетінен 1 миллиард теңгеден астам пайда көрген. Ол бұл ақшаға Алматы қаласынан бизнес-орталық, пәтер, екі жер телімі, көлік тұрақтарын және Land Rover көлігін сатып алған.
Қазіргі таңда сот санкциясымен кәсіпкердің барлық мүлкіне тыйым салынды.
Фото: Әлеуметтік желіден
