Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізеді: «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары ұсталды
13 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтеді. Жиында «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты мемлекет позициясы айтылады.
Фото: akorda.kz
13 қарашада Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері бойынша шұғыл отырысы өтеді. Оны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етеді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Жиын барысында президент «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталуына байланысты мемлекеттің позициясын жеткізеді.

«Сонымен қатар Мемлекет басшысы “Заң мен Тәртіп” қағидатын сақтау, ұлттық компания басшыларының жеке жауапкершілігі және еліміздегі стратегиялық маңызды кәсіпорындардың қызметіндегі заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударады», – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолының» басшылары ұсталғаны туралы жазған едік.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген өзге де адамдарды ұстаған.
Қазір іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
