Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев әлеуметтік желілердің зияны туралы пікірталастың көбіне сол желілердің өзінде өтетінін айтады. Оның ойынша, бұл құбылыс дәстүрлі медианы ығыстырып қана қоймай, адамдардың қарым-қатынас мәдениетін, жұмысы мен бос уақытын түбегейлі өзгертті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Сарапшының пайымдауынша, әлеуметтік желілер қоғамдық пікірді зерттейтін негізгі құралға айналғанымен, шын мәнінде халықтың нақты көңіл күйін көрсете алмайды. Әсіресе, саясаттанған топтар үшін бұл ақпараттық манипуляцияның таптырмас құралына айналған.
«Пайдаланушылар өздері көретін контентті бақылаудан айырылды. Оларға автоматтандырылған маркетинг ақырындап тықпалаған дүниені ғана көрсетеді. Автоматтандырылған аккаунттар, пікірлер, лайктар мен дизлайктар қаптап кетті», – дейді Әшімбаев.
Ол сондай-ақ үзік-үзік, жылдам контенттің көптігінен адамдардың эмоционалды реакциясы санада ұзақ сақталмайтынын атап өтті. Адам бір-бір жарым сағат бұрын неге күліп, неге жылағанын ұмытып қалады.
«Біз шынайы адамның суретіне лайк басып отырмыз ба, әлде бұл жасанды интеллект жасаған сурет пе, білмейміз. Пікірлерде шынайы адаммен бе, әлде ботпен бе сөйлесіп отырғанымызға сенімді емеспіз. Ақпараттық болашағымыз осындай күмәнді», – деп жазады саясаттанушы.
Дегенмен, маманның айтуынша, интернет пен әлеуметтік желілер теріс эмоцияны шығарудың бір құралына айналған. Адамдар ашу-ызасын ойындарда шығарса, әлеуметтік немесе саяси наразылық митингіде емес, желі парақшаларында білдіріледі. Тұрмысы төмен, болашағы бұлыңғыр адамдар радикалды әрекетке барудың орнына, сағаттап отырып рилс қарайды.
Әшімбаевтың пікірінше, ең басты мәселе – халықтың жаппай шетелдік платформаларда отыруы. Бұл қазіргі геосаяси текетірес жағдайында ұлттық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіреді. Тыйым салу мен бұғаттаудың тиімділігі төмен, себебі оны айналып өтудің жолдары көп.
Мемлекет радикалдардың саябырсыту және құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін Қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектiк-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) мен 274-бабын (Көрiнеу жалған ақпарат тарату) қолданып келеді.
«Ұлттық, геосаяси немесе тіл тақырыбындағы кез келген «пікірталас» лезде бір-бірін қорлауға, араздық отын тұтатуға ұласып кетеді. Бұл біздің қоғам үшін өте қауіпті», – деп ескертеді сарапшы.
Бұдан бөлек, алаяқтық, бопсалау, нашақорлық, үңгірдегідей дәстүршілдік, суицидтік топтар, жалған тарихи арандатулар, радикалды діни және сектанттық насихат, педофилия, зорлық-зомбылықты дәріптеу сияқты қауіптер бар. Мұның бәрін жасанды интеллектінің әлеуметтік желіге енуі одан сайын күшейтіп, зиянды контент көлемін ғарыштық деңгейге шығарды.
Саясаттанушы бір жағынан мектептер мен саналы ата-аналар балалардың смартфон қолдануын шектеп жатса, екінші жағынан білім саласындағы реформатор-бизнесмендер жасөспірімдердің танымдық қабілетіне зияны анық болса да, орта білімге жасанды интеллектіні енгізуге тырысып жатқанын сынады.
Фото: pixels
