2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан 36 спортшы аттанады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ұлттық құрама 18 ер және 18 әйел спортшыдан жасақталып, Олимпиада ұйымдастырушылары жариялаған гендерлік теңдік қағидатын толық сақтап отыр. Бұл – Қазақстанның қысқы Олимпиадаға тоғызыншы рет қатысуы. Ел спортшылары 10 түрлі дисциплина бойынша бақ сынайды.
2022 жылғы Бейжің Олимпиадасымен салыстырғанда Қазақстан иеленген лицензия саны екеуге көбейген. Құрама сапында Пхёнчхан-2018 олимпиадасының қола жүлдегері Юлия Галышева, шорт-трек шеберлері Абзал Әжғалиев пен Денис Никиша, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров және фристайлшы Анастасия Городко сияқты тәжірибелі спортшылар бар.
Сонымен қатар, бұл Олимпиада 18 спортшы үшін алғашқы сынақ болмақ. Бұл құраманың тең жартысы жаңарғанын көрсетеді. Ұлттық команданың ең жас мүшесі – 16 жастағы Асан Асылхан.
Фото: Әлеуметтік желіден
