Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қазақстанның ұлттық стратегиясының негізгі қағидаларын атады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Президент Қазақстанның жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі ең ірі мемлекет екенін атап өтті. Оның айтуынша, ел ақылға қонымды және әділ саясатты жақтайды.
«Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді. Ең бастысы, Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек», — деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің маңызына ерекше тоқталды. Ол мұның мерейтой кезінде айтылатын ұран емес, қазіргі дүрбелеңге толы замандағы ұлттық стратегияның негізгі тірегі екенін мәлімдеді.
«Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде Мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат! Бұл – мерейтой кезіндегі ұран емес, қазіргі дүрбелеңге толы заманда ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы. Мен «Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін», — деп атап өтті Президент.
Сонымен қатар ол ел бірлігін сақтап, қуатты мемлекет құру басты міндет екенін айта келе, осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасаттылық танытуға шақырды.
Фото: Әлеуметтік желіден
