Жақын жылдары жасанды интеллект салдарынан күнделікті қайталанатын жұмыстардың 35%-і жойылуы мүмкін. Qazaq Expert Club сарапшысы Арман Шоқпаров қандай мамандарға қауіп төніп тұрғанын түсіндірді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Сарапшының айтуынша, алдағы 2-3 жылда бірсарынды міндеттерді орындайтын салалар қатты өзгереді.
«Ең бірінші қауіп төніп тұрғандар: IT саласын жаңа бастаған мамандар, клиенттерге қызмет көрсету орталықтарының (колл-орталықтар, қызмет көрсету кеңселері) қызметкерлері және қағазбастылық көп саланың өкілдері (заңгерлер, банк сарапшылары, әкімшілер)», — дейді Арман Шоқпаров.
Ол компаниялар қызметкерлерді жаппай қысқартпайтынын, бірақ осы салалар бойынша жаңа жұмыс орындарын ашуды тоқтататынын атап өтті. Осының салдарынан 2-3 жыл ішінде компаниялар штаты 20-35%-ке дейін азаюы мүмкін.
Сонымен бірге жасанды интеллект саласындағы мамандарға сұраныс күрт артады. Қазақстандағы ірі компаниялардың IT/digital/AI бөлімшелерінің 80 басшысы арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, олардың 97%-і жақын 2-3 жылда ЖИ мамандарына мұқтаждық болатынын күтеді. Ең қажетті мамандықтар: деректер инженері (Data Engineer), машиналық оқыту инженері (ML Engineer) және деректер талдаушысы.
Қазірдің өзінде компаниялардың 85%-і ЖИ мамандарына зәру екенін айтады. Алайда білім беру жүйесі нарық талабына ілесіп үлгеріп жатыр ма? Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, компаниялардың 40%-і елде ЖИ бойынша сапалы білім беру бағдарламаларының жоқтығын басты мәселе деп санайды. Ал 17%-і қызметкерлерді бұл салаға оқытуды мүлдем жоспарламайды.
Сарапшының пікірінше, физикалық еңбек пен қозғалысты қажет ететін (логистика, көлік), кәсіби пайымдау маңызды (комплаенс, аудит, судьялар) және жауапкершілігі жоғары шешім қабылдайтын мамандықтарға жасанды интеллект қауіп төндіре алмайды.
Маман басқа сала өкілдеріне заманнан қалмау үшін ЖИ құралдарымен жұмыс істеп үйренуге кеңес береді.
«Барлығына ChatGPT, Gemini, DeepSeek, Perplexity, KazLLM сияқты ЖИ құралдарын меңгеру керек. Тек тәжірибе ғана ЖИ-мен жұмыс істеу дағдысын қалыптастырады. Қазір ең болмағанда дұрыс промпт жазып үйрену маңызды», — деп түйіндеді сөзін Шоқпаров.
Фото: ЖИ
