Жүктілік кезінде парацетамол қабылдау баланың дамуына зиян келтірмейтіні дәлелденді. Медициналық зерттеулерге жасалған ауқымды шолу бұл дәрінің аутизм, назар аудармау және аса жоғары белсенділік синдромы (НАЖБС) сияқты ауытқуларға қатысы жоқ екенін көрсетті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Зерттеу қорытындысы беделді The Lancet Obstetrics, Gynaecology & Women’s Health журналында жарияланды. Ғалымдар жүздеген мың жүктілік деректері қамтылған ең сенімді 43 ғылыми жұмысты талдап шыққан.
Мамандардың пікірінше, дәрігер белгілеген мөлшерде қолданылса, парацетамол болашақ аналар үшін ауырсынуды басатын және дене қызуын түсіретін ең қауіпсіз препарат болып қала береді.
Бұл жаңалық АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның әкімшілігінің кейбір өкілдерінің парацетамолдан бас тартуға шақырған даулы мәлімдемелерінен кейін жарияланды. Сарапшылар бұл зерттеу көптен бері жалғасып келе жатқан пікірталасқа нүкте қояды деп үміттенеді.
