Ақтаудағы заңсыз ойынханада күтпеген жағдай тіркелді
Фото: Pixabay
Ақтауда заңсыз құмар ойындарын ұйымдастырған топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Арнайы жабдықталған орында ойын терминалдары арқылы 63 млн теңгеден астам қаражатқа бәс тігілген.
Заңсыз ойын бизнесі Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген жұмыстар нәтижесінде анықталды.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2026 жылдың сәуірі мен қазаны аралығында бір топ адам арнайы орын ұйымдастырып, ойын терминалдары арқылы ақшалай бәс қабылдаған. Осылайша заңсыз құмар ойындарын жүргізген.
Жедел-іздестіру шаралары кезінде ойын бизнесіне пайдаланылған жабдықтар анықталып, тәркіленді. Мамандардың есебінше, қабылданған бәс көлемі 63 млн теңгеден асқан.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 307-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге деректері жарияланбайды.
