Тоқаев ҚазҰУ ректоры Түймебаевтың білім саласындағы еңбегін атап өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың білім саласындағы еңбегін атап, шетелдік студенттер санының артуын және 2029 жылға қарай 100 мың студент тарту жоспарын мәлімдеді.
Фото: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастық туралы айта келіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың еңбегіне жеке тоқталды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан жоғары білім жүйесін халықаралық деңгейде дамытуға баса назар аударып отыр. Бүгінде осы бағытта стратегиялық серіктестік туралы 40 келісім жүзеге асырылуда.
Елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашқан. Онда 12 мыңнан астам студент білім алып, 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істейді. Олардың 600-ден астамы – шетелден келген профессорлар.
Президент Қазақстанның Лиссабон және Токио конвенцияларына қосылуының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жетістікке жетуде бұрынғы Білім және ғылым министрі, қазіргі ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың үлесі зор.
«Бұл – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде білім алатын шетелдік студенттер саны айтарлықтай артқанын жеткізді.
Былтыр Қазақстанда 31 мың шетелдік студент оқыса, биыл олардың саны 41 мыңға жеткен. Оның ішінде 8 мыңнан астам жас Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алуда. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш.
Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай Қазақстанға 100 мың шетелдік студент тарту міндеті тұрғанын айтты.
«2029 жылға қарай 100 мың шетел студентін тарту ойымызда бар. «Қазақстанда білім ал!» деген ұлттық бастамамыз осы міндетті іске асыруда маңызды рөл атқарады деп сенемін», – деді Президент.
Осылайша, Қазақстан жоғары білім беру саласындағы халықаралық байланыстарын кеңейтіп, Орталық Азиядағы ірі білім беру орталықтарының біріне айналуды көздеп отыр.
