Қалдықты бөлек жинаудан қайта пайдалануға дейін: Алматыда қалдықтарды өңдеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр
Фото: Алматы әкімдігі
2026 жылдың басынан бері мыңдаған алматылық қайталама шикізат жинау, пластикті қайта өңдеу және заттарды қайта пайдалану бойынша экологиялық акцияларға қатысты. Соның арқасында 50 мың пластик қақпақтан экологиялық стела жасалып, қаладағы акциялар барысында 1,8 тоннаға жуық қайта өңдеуге жарамды материал жиналды. Сонымен қатар құрамында сынап бар 60 мыңға жуық бұйым кәдеге жаратуға жіберілді. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері хабарлады.
Жыл басынан бері Алматының түрлі аудандарында Recycle Бірге акциялары ұйымдастырылды. Тұрғындар пластик, қағаз, шыны, электрондық құрылғылар, пайдаланылған сынап шамдары және басқа да қалдықтардың 17-ден астам түрін тапсыра алды. Акциялар аясында кітап, киім, өсімдіктер мен тұрмыстық заттарды алмастыруға да мүмкіндік жасалды.
Алматы әкімдігінің қолдауымен ECO Network экологиялық қауымдастығы қайталама шикізатты жинау мен қайта өңдеуге бағытталған бірнеше жобаны жүзеге асырып келеді. Солардың бірі мектеп оқушылары, балабақша тәрбиеленушілері мен қала тұрғындарын біріктірген «Мейірімді қақпақша» жобасы. Жиналған 50 мың пластик қақпақтан «Таза Қазақстан» стеласы жасалды. Бұдан бөлек, қайта өңделген пластиктен кілт салғыш, шахмат, шырша ойыншықтары және басқа да бұйымдар әзірленіп жатыр.
Көктемнен бері «Эко-Трак» мобильді қабылдау пункті тұрғын үй кешендері мен білім беру ұйымдарын аралап, қайталама шикізат жинап жүр. Әр акцияға орта есеппен 150-ге жуық адам қатысады. Олар 1200-ден астам пластик қақпақпен қатар макулатура, пластик ыдыстар және басқа да материалдарды тапсырады. Кейбір орындарда пайдаланылған батареялар мен құрамында сынап бар бұйымдар да қабылданады.
«Эко-Трак» қатысқан соңғы іс-шаралардың бірі 20 қазанда №209 мектеп-гимназиясында өтті. Оқушылар ата-аналарымен және педагогтермен бірге қайталама шикізат тапсырып, қайта өңделген пластиктен кілт салғыштар жасады, мектеп аумағына ағаш екті.
Қалдықтарды бөлек жинау жұмыстары қаладағы ірі іс-шараларда да ұйымдастырылады. Атап айтқанда, 27 қыркүйекте өткен Almaty Marathon кезінде қайта өңдеуге арналған 1,8 тоннаға жуық пластик, картон және басқа да материалдар жиналды.
Мобильді қабылдау пункттерінен бөлек, Алматыда қайталама шикізаттың әртүрлі түрін тапсыруға болатын экохабтар жұмыс істейді.
Кәдімгі тұрмыстық қоқыспен бірге тастауға болмайтын қауіпті қалдықтарға ерекше назар аударылады. 2026 жылдың тоғыз айында «Eco Almaty» ЖШС-не кәдеге жарату үшін құрамында сынап бар 60 мыңға жуық бұйым тапсырылды.
Қаладағы 38 емханада жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді жинауға арналған арнайы жәшіктер де орнатылған. Олар 2025 жылы жазда қойылды. Содан бері тұрғындар 1,2 тоннаға жуық дәрі-дәрмек қалдығын тапсырды.
Іс-шаралар жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өткізіліп жатыр. Сонымен қатар қала тұрғындарына тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптау мен қауіпті қалдықтарды қайда тапсыруға болатыны түсіндіріліп келеді.
