Қазақтың Розасы 69 жасқа толды: Роза Рымбаева бүгін туған күнін атап өтуде
Фото: жеке парақшасынан
Бүгін, 28 қазанда Қазақстанның халық әртісі, белгілі әнші Роза Рымбаева 69 жасқа толды. Жарты ғасырға жуық уақытын өнерге арнаған әнші қазақ эстрадасының көрнекті өкілдерінің бірі саналады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Әншінің үлкен сахнадағы шығармашылық жолы 1970 жылдары басталды. 1976 жылы ол республикалық «Гүлдер» жастар эстрадалық ансамблінің құрамына қабылданып, көпшілікке таныла бастады. Кейін «Арай» ансамблінде өнер көрсетіп, 1979 жылдан бастап «Қазақконцерт» бірлестігінің солисі болды.
Өнердегі жетістіктерінің арқасында Роза Рымбаева 1986 жылы Қазақстанның халық әртісі атағын алды. Сондай-ақ ол Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.
Әнші шығармашылық жолында өнермен қатар ұстаздық қызметті де қатар алып жүрді. Ол жас орындаушылардың кәсіби қалыптасуына үлес қосып, эстрада саласындағы тәжірибесін кейінгі буынмен бөлісті.
Роза Рымбаева жеке өмірінде де талай сынақты бастан өткерді. Оның жары, белгілі музыкант әрі дирижер Тасқын Оқапов 1999 жылы дүниеден өтті. Әнші екі ұлы – Әли Оқапов пен Мәди Рымбаевты тәрбиелеп өсірді. Әли Оқапов та бүгінде көпшілікке танымал әнші.
