Президент мәселенің маңызы зор екенін, оны қалай болғанда да шешу қажеттігін баса айтты.
– Егер шекара бірнеше шақырымға созылған көлік кептелісін тудыратын «тар өткелге» айналса, ал қазіргі жағдай осындай болса, онда Қазақстанның өңірдегі көшбасшылығы туралы сөз қозғаудың өзі артық, – деп сынға алды Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі әуе дәліздері еліміздің аумағы арқылы өтеді. Бұл – елімізге үлкен бәсекелік артықшылық беретін мүмкіндік.
– Алайда әзірге бұл әдемі презентацияларда қалып отыр. Осы мүмкіндікті іс жүзінде пайдалану үшін жерүсті сервистік инфрақұрылымын дамыту қажет. Бұл – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан тәсіл. Ал қазір қомақты табыс көздері елімізді айналып өтуде, – деді ол.
Тоқаев «Air Cargo» жеке компаниясына үлкен үміт артылғанын атап өтті.
– Оның қаржылық мүмкіндігі мол, соның ішінде шетелдің жетекші мамандарының еңбекақысын төлеуге де қауқарлы. Сондай-ақ компания дербес шешім қабылдай алады. Бірақ әлі күнге дейін нақты шешім де, нәтиже де жоқ. Сіздерге сенім арттық. Енді нақты нәтиже күтеміз, – деді Президент.
