Президент фермерлерді ұзақ мерзімді қаржыландыру жүйесін енгізуді тапсырды
Президент фермерлерді ұзақ мерзімді қаржыландыру жүйесін енгізуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы 6%-ға өсіп, өнім көлемі 15 трлн теңгеге жетті.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға және фермерлерді ұзақ мерзімді қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аударды. Былтыр аграрлық сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жеткен.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі де ұлғайған: алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін өскен. Алайда бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналым қаражатын толықтыруға жұмсалып отыр.
Осыған байланысты Президент шаруалардың алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауына мүмкіндік беретін қаржыландыру жүйесін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. «Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек. Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкіметке фермерлерді ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз етуге бағытталған тиімді тетіктерді енгізуді тапсырды.
