Жолдау-2026: Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа дәуірге сенімді қадам басқанын айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа дәуірге сенімді қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырғанын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырғанын атап өтті. «Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл – дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс», – деді Президент.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Ол алдағы уақытта еліміздің егемендігін нығайту қажеттігін айтты. Бұл, оның сөзінше, қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз.
Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек. Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарына да үмітін білдірді.
Президенттің айтуынша, мұндай жағдайда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелерінің рөлі аса маңызды.
«Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек», – деді ол.
Мемлекет басшысы бұл міндетті ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет деп атады.
