Әнші Айкерім Қалаубаева марапатқа ие болып, желіде сынға қалды
Республика күні қарсаңында әнші Айкерім Қалаубаева «Ерен еңбегі үшін» медалін алып, әлеуметтік желіде сынға қалды. Пайдаланушылар марапаттың әділдігіне күмән келтірді.
Фото: видеодан скриншот
Республика күні қарсаңында әнші Айкерім Қалаубаева әлеуметтік желіде марапат тағып, гүл шоқтарын ұстаған суреттерін жариялады. «Тәуелсіз қазақтың қызымын!» деп жазған өнер иесінің фотолары желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Әнші желіде «Ерен еңбегі үшін» медалін алғанын хабарлаған. Көпшілік әншінің қуанышына ортақтасса, енді бірі оның қандай еңбегі үшін марапатталғанына күмән келтірді. Әсіресе мұғалімдер, дәрігерлер, шахтерлер мен құтқарушылардың еңбегін алға тартқандар көп болды.
«Не еңбек сендердікі?», «Тәуелсіз Қазақстан үшін қандай еңбек сіңірдіңіз? Той-томалақтан басқа», «Осыларға ненің құрметіне береді екен, қызық», «Кімге ғана медаль бермей жатыр?» деген пікірлер жазылды. Кейбірі әзілге сүйеніп, «Орден алмаған Ақтөс қалды» деп те мысқылдаған.
Тағы бірқатар қолданушы өнер адамдарына мемлекеттік марапат беруге қарсы емес екенін, алайда наградалардың мәртебесі мен берілу өлшемдері айқын болуы керектігін айтты.
Әлеуметтік желідегі талқылау мемлекеттік марапаттардың әділдігі туралы кеңірек сұрақты қозғады. Бірі сахнада өнер көрсетсе, енді бірі балаларға білім береді, адам өмірін сақтайды немесе ауыр жағдайда еңбек етеді. Жұртшылық осы мамандық иелерінің еңбегі де лайықты бағалануы керек деп санайды.
