Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібі өзгерді ме: ІІМ ресми мәлімдеме жасады
Фото: gov.kz
Қазақстанда автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру қағидаларына өзгеріс енгізілетін болды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бұл мемлекеттік қызметтердің жолын жеңіл әрі жылдамдату, яғни артық рәсімдер алынып тасталды.
Енді автокөлік қайта жабдықталғаннан кейін бөлек қаратудың қажеті жоқ. Егер бұл өзгеріс көлік үшін қауіпсіз екенін растайтын құжат болса болғаны.
«Емтиханды бірінші рет тапсыра алмасаңыз, келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады. Екінші рет те сәтсіз болса, дайындалуға 10 күн беріледі. Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмасаңыз, сол емтиханды кейін қайта тапсыру ақылы болады. Бұл шара емтиханға қосымша дайындалу үшін енгізіліп отыр. Сонымен қатар теориялық емтиханды тапсырып, практикалық емтиханнан өте алмасаңыз, теориядан алған нәтижеңіз сақталады», – делінген ІІМ хабарламасында.
Ал шетел азаматы жүргізуші куәлігін Қазақстандікіне ауыстырғысы келсе, алдымен теориялық емтиханды тапсыруы қажет. Бұдан бөлек, жауапты уәкілетті орган куәлікті берген елге ресми сұрау жібереді. Ол елдің құзыретті органы куәліктің түпнұсқа екенін растағаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады.
«Бұл – жалған құжаттардан қорғау шаралары. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз!» – деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранова.
