Алматыда жылыту маусымы 9 қазаннан басталады
Алматыда ауа райының күрт суытуына байланысты жылыту маусымы 9 қазаннан басталып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер кезең-кезеңімен жылуға қосылады.
Фото: freepik
Алматыда ауа райының күрт суытуына байланысты биыл жылыту маусымы әдеттегі мерзімнен ерте басталады. 9 қазаннан бастап қаладағы нысандар орталық жылу жүйесіне кезең-кезеңімен қосыла бастайды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Ең алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандар – балабақшалар, мектептер және медициналық ұйымдар жылуға қосылады. Одан кейін көппәтерлі тұрғын үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу жұмыстары жүргізіледі.
Жылу үйге берілген соң ПИК және МИБ мамандары ішкі жылыту жүйесін реттейді. Атап айтқанда, радиаторлар мен тікқұбырлардағы ауа шығарылып, жүйедегі қысым реттеледі. Бұл пәтерлердің біркелкі жылынуын қамтамасыз етеді.
Қаладағы жылу желілерінде айналым режимі алдын ала іске қосылған. Коммуналдық қызметтер ықтимал ақауларды жедел жою үшін қажетті материалдар мен жабдықтар қорын дайындаған. Жылу барлық нысанға бір мезетте емес, техникалық мүмкіндікке қарай кезең-кезеңімен беріледі.
