Ұлыбританияда су астында қалған Шипден қаласының 25 нысаны табылды
Ұлыбританияда сүңгуірлер теңіз астында қалған ортағасырлық Шипден қаласының орнынан 25 нысан тапты. Зерттеу «Шіркеу жартасы» аңызына жаңа көзқарас ұсынды.
Сурет: magnific
Ұлыбританияда сүңгуірлер шамамен жеті ғасыр бұрын теңіз астында қалған ортағасырлық Шипден қаласының орнын зерттеп, адам қолымен жасалған 25 нысанды анықтады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Jam Press мәліметінше, тас құрылымдар Норфолк графтығындағы Кромер жағалауынан бірнеше жүз метр қашықтықта орналасқан. Шипден XIV ғасырда Солтүстік теңіздің әсерінен біртіндеп су астында қалған. 1362 жылғы жойқын дауыл жағалау сызығын одан әрі бұзған.
Зерттеушілер алғаш рет су астындағы қаланың қалдықтарын толық суретке түсіріп, оларды 3D форматында цифрландырған. Мамандар табылған тас құрылымдар ортағасырлық қорғаныс бөгеттері немесе ежелгі айлақтың бөлшектері болуы мүмкін деп болжап отыр.
Зерттеу барысында Кромерде көптен бері айтылып келе жатқан «Шіркеу жартасы» туралы аңызға да жаңа көзқарас қалыптасқан. Бұған дейін теңіз астындағы құрылым Әулие Петр шіркеуінің қалдығы болуы мүмкін деген болжам айтылып келген. Алайда ғалымдар оның жағалауды қорғауға арналған ортағасырлық бекіністің бөлігі болуы ықтимал екенін анықтаған.
«Кромерде өскен біздердің барлығымыз «Шіркеу жартасы» туралы аңызды естіп өстік. Сондықтан бұл аңыздың қате болуы мүмкін екенін түсіну – біз үшін үлкен қадам. Қазір біз ортағасырлық құжаттарды белсенді түрде зерттеп, оларды нақты табылған нысандармен салыстырып жатырмыз. Әзірге біз тек болжамдар ұсынып отырмыз, түпкілікті қорытынды жасаған жоқпыз», – деді Кромер мұражайының «Достары» қоғамының төрағасы әрі жоба жетекшісі Питер Стиббонс.
1888 жылы осы маңда Victoria жолаушылар кемесі су астындағы тас рифке соғылып, апатқа ұшыраған. Кейін кеме қатынасына кедергі келтірмеу үшін кеменің қалдықтары мен рифтің бір бөлігі жарылған. Зерттеушілер бұл әрекет тарихи нысандардың кей бөлігін зақымдауы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Бастапқыда біздің басты мақсатымыз Victoria кемесінің қалдықтарын табу болды. Алайда Кромердегі топқа Шипден қаласының тарихын тереңірек зерттеуге көмектесу біз үшін жағымды қосымша нәтиже болды. Бәлкім, «Шіркеу жартасы» деп аталып кеткен нысан жағалаудағы бекініс болып шыққан сияқты. Сондықтан шіркеудің өзін іздеу жұмыстары жалғаса береді», – деді аға сүңгуір Ник Шиллер.
Қазіргі уақытта сүңгу маусымы аяқталған. Зерттеушілер жұмысты келесі жылы жалғастыруды жоспарлап отыр. Табылған материалдар мен 3D-модельдерді Кромер мұражайында және интернетте жариялау көзделген.
