Қырғызстанда «Арашан» қошқары 1 миллион долларға сатылды
Қырғызстанда «Арашан» тұқымының қошқары 1 миллион долларға сатылып, рекорд орнатты. Ол 2023 жылы Қазақстанда 150 мың долларға сатылған Франкель қошқарының ұрпағы.
Сурет: turkystan.kz
Қырғызстанда «Арашан» тұқымына жататын қошқар 1 миллион долларға сатылды. Бұл рекордтық сауда етті-майлы қой тұқымдарын дамытуға арналған халықаралық фестиваль аясында өтті.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Іс-шараға Қырғызстаннан бөлек Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресейден келген фермерлер мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысты. Бұл туралы Sputnik.kg басылымы жазды.
Қошқардың тегі де назар аудартты. Мәліметке сәйкес, ол 2023 жылы Қазақстанда 150 мың долларға сатылған Франкель атты қошқардың тікелей ұрпағы. Осылайша, араға үш жыл салып оның тұқымы бірнеше есе қымбат бағаға бағаланған.
«Арашан» тұқымының ерекшелігі қандай? «Арашан» қой тұқымы Қырғызстанда 2021 жылы ресми тіркелген.
Бұл тұқым ірі дене бітімімен, жоғары салмағымен және тез жетілуімен ерекшеленеді. Сондай-ақ таулы және далалы аймақтарға, қора жағдайында бордақылауға жақсы бейімделген. Осы қасиеттеріне байланысты «Арашан» тұқымына асыл тұқымды мал өсірушілер арасында сұраныс жоғары.
Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта бұл тұқымның санын арттырып, сапасын жақсартуды және халықаралық нарыққа шығаруды мал шаруашылығын дамытудың маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырып отыр.
