Анна Данченко Баян Алагөзоваға алғыс айтты
Тележүргізуші Анна Данченко анасынан айырылған ауыр кезеңде қолдау көрсеткен продюсер Баян Алагөзоваға алғысын білдіріп, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көрсеткен қаржылай көмегі үшін рахмет айтты.
Сурет: Turkystan.kz коллажы
Анасынан айырылған тележүргізуші Анна Данченко өмірінің ең қиын кезеңінде қолдау көрсеткен продюсер Баян Алагөзоваға алғысын білдірді. Ол Баян Мақсатқызының жанашырлығы мен көмегі өзіне ерекше әсер еткенін айтты.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Анна Данченко әлеуметтік желідегі жазбасында Баян Алагөзованың қиын сәтте көрсеткен адамгершілігі мен қамқорлығын ерекше атап өтті.
«Баян Мақсатқызы, сізге шын жүректен алғыс айтқым келеді. Сіздің сезімталдығыңыз әрі мейірімді жүрегіңіз үшін, өмірімдегі ең ауыр кезеңдердің бірінде маған көрсеткен жылулығыңыз үшін алғысым шексіз», – деп жазды Анна Данченко.
Тележүргізушінің сөзінше, бұған дейін Баян Мақсатқызымен ұзақ уақыт бірге жұмыс істемеген. Соған қарамастан оны әрдайым адами қасиеттері үшін құрметтегенін жеткізді.
Данченко анасының жерлеу рәсімін ұйымдастыру кезінде Баян Алагөзованың оған қаржылай көмек көрсеткенін де жасырмады.
«Мүмкін, сіз менің бұл туралы айтқанымды қаламайтын шығарсыз. Бірақ мен сізге міндетті түрде алғыс айтқым келеді. Жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін қаншама нәрсе қажет екенін түсініп, маған осындай үлкен көлемде ақша жібердіңіз. Оны көрген сәтте мен одан сайын қатты жылап жібердім. Ақша үшін емес, мұндай қамқорлық пен жанашырлықты мүлде күтпеген едім», – деді ол.
Анна Данченко ата-анасы бала кезінен қиындықтарды өз күшімен еңсеруге үйреткенін айтып, әдетте өзгелерден көмек күтпейтінін жеткізді. Алайда дәл осы ауыр кезеңде көрсетілген қолдау оған ерекше әсер еткен.
«Адамның жаны қатты ауырған кезде, адамдық жылулықты бұрынғыдан да терең сезінеді. Кейде бір ғана әрекет адамның кім екенін жүздеген сөзден де артық айтып береді», – деп жазды ол.
Тележүргізуші ата-анасынан айырылғаннан кейін өзгенің қайғысына бейжай қарамайтын, жанашыр адамдардың қадірін бұрынғыдан да жақсы түсіне бастағанын айтты.
«Неге екенін білмеймін, бірақ менің ата-анам да осындай ауыр сәтте олардың қызына көрсеткен мейірім үшін Баян Мақсатқызына риза болып отырғандай сезінемін. Жасаған бар жақсылығыңыз міндетті түрде өзіңізге және отбасыңызға еселеп қайтсын. Жақындарыңыз бен туған-туыстарыңыз аман-сау болсын. Үйлеріңізден әрдайым жылулық пен береке кетпесін. Мен мұны ешқашан ұмытпаймын», – деп түйіндеді Анна Данченко.
