Негізгі мазмұнға өту
Бейсенбі, 17 қыркүйек 2026 $ 449,5 518,8 5,34
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Шымкенттегі зауытта 28 жастағы грек-рим балуаны электр тоғынан қаза тапты

    Шымкенттегі зауытта 28 жастағы грек-рим балуаны Әділ Тілектес электр тоғынан қаза тапты. Полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.

    Шымкенттегі зауытта 28 жастағы грек-рим балуаны электр тоғынан қаза тапты

    Фото: Марқұмның туыстарының жеке архивінен

    Шымкенттегі кәсіпорын аумағында 28 жастағы спортшының мәйіті табылды. Марқұм — грек-рим күресінен ел намысын қорғаған Әділ Тілектес.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Балуан қара жұмысқа нәпақа табу үшін барған. Алайда жақындарының айтуынша, қас қарайғанда жоғарыда тұрған жігітті тоқ соғып, ол төменге құлаған. Онсыз да ым-ишара тілімен сөйлейтін үшінші топ мүгедегінің жан дауысы да шығып үлгермеген. Жедел-жәрдем жетем дегенше спортшының демі үзіліп кеткен.

    Үміт күткен ұлынан айдын күннің аманында айырылған Роза Әубәкірова үш күннен бері ес жия алар емес. Әділ Тілектесті әпкелері демалыс күні жұмыстан алып кетуге барыпты. Жоспар бойынша барлығы әкелерін туған күнімен құттықтамақ болған. Осылайша, балуанның өндіріс ошағында ауыр жарақат алғанын кездейсоқ білгендерін айтады.

    «Бетін жаппақшы болды. Бетін жаппаңдар бұл өлген жоқ дедім. Қайда алып кетіп бара жатырсыңдар көмектесіңдер дедім. Қарасам күйіп кеткен екен ғой байғұстың мойнынан бастап құлақтарына дейін. Ең соңында қарасам қолдары да күйіпті. Қолымен ұстап қалды ма, тоқ тартты ма тоққа барып соғылды ма бәрібір де ара-қашықтығы жақын болды өте. Техникалық қауіпсіздік қаншалықты сақталған сақталмағанын анықтау керек», – дейді марқұмның әпкесі Мөлдір Тілектес.

    28 жастағы Әділ Тілектес — грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы. Есту қабілеті төмен балуандар арасында ел намысын әлемдік додаларда да қорғап, жақсы нәтиже көрсеткен.

    Ым-ишара тілімен сөйлейтін бозкілем шебері спорттан табыс таппаған соң зауытқа жұмысқа тұрған. Бірақ жаттығуын бір сәтке де тоқтатпады дейді марқұмның жұбайы.

    «Спорттан бас жүлделі орындар алсам, үй аламын деп ниет қылып спортын тастамаған. Кешке жетіге дейін жұмыс істейді. Сағат тоғыз-ондарда жаттығуға барып түнде келетін», – дейді марқұмның жұбайы Анжела Тұрғаналиева.

    Кафель шығаратын зауыттың өкілдерімен байланысу мүмкін болмады. Кәсіпорын өкілдері қара жамылған отбасыға көмек көрсетеміз деп уәде берген. Қазір полиция қылмыстық іс қозғап, қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

    «Қаладағы кәсіпорындардың бірінің аумағында жұмысшының қаза болу дерегі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Алдын ала мәлімет бойынша ер адам жұмыс жүргізу барысында электр тоғының соғуы салдарынан өлімге әкелген жарақат алған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – делінген Шымкент қалалық полиция департаментінің хабарламасында.

    Марқұмның артында жұбайы мен кәмелетке толмаған екі ұлы қалды. Үлкені төрт жаста. Кішісі сегіз айлық сәби. Жас отбасы қалада пәтер жалдап тұрған. Қара жұмысты спортпен қатар алып жүрген марқұмның жақындары тергеу жан-жақты жүргізіліп, кінәлілер тиісті жазасын алғанын қалайды.

    Еске салсақ, бұған дейін Астанада параспортшылар федерация басшысына жалақысының бір бөлігін беруге мәжбүр болғандарын айтып, шағымданған еді.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →