«Құпиямыз ашылып қалды»: Гүлзира Айдарбекова Қайрат Нұртас туралы видеоға таңғалды
Фото: instagram.com/gulziraaidarbekova/
Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова ұлы Қайрат Нұртас туралы жасанды интеллект көмегімен жасалған видеоға реакция білдіріп, әншінің алдағы жоспарына қатысты құпияны ашты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Желіде тараған роликте Қайрат Нұртастың АҚШ-та жүргені бейнеленген. Жасанды интеллект арқылы жасалған видеода әнші Нью-Йорк көшелерінің біріндегі дыбыс жазу студиясына кіріп, ондағы маманға өзінің әндері жазылған ескі кассетаны ұсынады.
Осы сәтте Қайрат Нұртастың «Ол сен емес» әні шырқалып, кейін оның америкалық көрермендер алдында концерт қойып тұрғаны көрсетіледі.
Роликті көрген Гүлзира Айдарбекова авторлардың отбасының жоспарын дәл тапқанына таңғалғанын жасырмады.
«Біздің ойымызды кім оқып, мына видеоны жасады екен? Концерт солай ерекше өтеді, бұйыртса. Мүлде бөлек концерт болмақ», – деп жазды продюсер.
Осылайша Гүлзира Айдарбекова Қайрат Нұртастың АҚШ-та ерекше форматта концерт өткізу жоспары бар екенін аңғартты.
