Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берді
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім бергенін мәлімдеді. Елде 184 мың адам eGov арқылы келісімін тіркеген, донор күтіп жүргендер саны 5 мыңға жуықтады.
Фото: parlam.kz
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім бергенін мәлімдеді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Министр бұл шешімін әлеуметтік желіде жариялап, оны көпшілік алдында ашық айтудың себебін де түсіндірді.
«Бұл туралы ашық айтуды маңызды деп санаймын. Денсаулық сақтау министрі болғаным үшін емес, әрқайсымыздың бір күні өзіміз немесе жақын адамымыз үшін осындай шешім қабылдау қажеттілігіне тап болуымыз мүмкін. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық – өмір сүруге мүмкіндігі бар адамдарға өмірден өткеннен кейін де көмектесудің бір жолы», – деп жазды Әлназарова.
Осы орайда министр нақты статистиканы да келтірді. Бүгінде Қазақстанда шамамен 184 мың адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз келісімін eGov арқылы тіркеп қойған. Олардың саны артып келеді.
Ал донорды күтіп жатқандардың саны 5 мың адамға жақындап қалды. Басым бөлігіне бүйрек керек.
бүйректі трансплантаттау – 4 311 адам;
жүректі трансплантаттау – 212 адам;
бауыр трансплантаттау – 314 адам;
өкпе трансплантаттау – 30 адам.
