Қазақстанда автожолдар бойында 62 электрқуаттау станциясы жұмыс істейді
Қазақстанда автожолдар бойында 62 электрқуаттау станциясы жұмыс істейді. Алматы мен Жамбыл облыстары көш бастап тұр. 2026 жылы тағы 7 станция орнату жоспарлануда.
Фото: Министерство транспорта Республики Казахстан
Елімізде электрқуаттау станцияларының желісі кеңейтіліп келеді. Қазіргі уақытта негізгі автожолдар бойында 62 ЭҚС жұмыс істесе, 2026 жылы «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» бағытында тағы 7 станция орнату жоспарлануда.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Бүгінде республиканың негізгі автомобиль маршруттары бойынша 13 өңірде 62 электрқуаттау станциясы қызмет көрсетуде. Бұл шаралар электромобиль иелеріне аймақтар арасында жүргенде қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Алматы және Жамбыл облыстары ЭҚС саны бойынша көш бастап тұр — әрқайсысында 12 станция, ал Ақмола мен Қарағанды облыстарында 8-ден станция орналасқан. Сонымен қатар Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында да ЭҚС жұмыс істейді.
Атап айтқанда, желі елдің әртүрлі көлік бағыттарын қамтиды. Мәселен, «Астана — Алматы» автожолында 13 станция, «Астана — Петропавл» бағытында 7 станция, ал «Алматы — Өскемен» трассасында 6 станция қызмет көрсетеді.
Халықаралық көлік дәліздері бойында қуаттау инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық автомобиль трассасы бойында 19 электрқуаттау станциясы орнатылған.
Орнатылған ЭҚС қуаты 60-тан 320 кВт-қа дейін жетеді, бұл электромобиль иелеріне республикалық және халықаралық негізгі маршруттар бойынша сапарларын жоспарлауға мүмкіндік береді.
— Желіні одан әрі кеңейту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылға арналған жоспарда халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдар бойында 27 жаңа автокөлік құю станциясын салу көзделген, олар электрқуаттау станцияларын орналастыруды қамтиды. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» трассасы бойында 7 ЭҚС орнату жоспарлануда, — деп хабарлады Министрлікте.
Көлік министрлігі жол саласы ұйымдарымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жеке инвесторлармен және жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының иелерімен жаңа нысандар салу және қолданыстағыларды Ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргізуде.
Бұған дейін Астанада ТМД елдеріндегі алғашқы күн энергиясымен жұмыс істейтін электромобильдерге арналған қуаттау станциясы іске қосылғаны хабарланған болатын.
