Динара Сәтжан ұлы Даниалдың үйлену тойын өткізді
Динара Сәтжан ұлы Даниал Үскенбайдың үйлену тойын Астанада өткізді. Жас жұбайлардың алғашқы кездесу сәті желіде қызу талқыланды.
Сурет: Stan.kz
Қазақстандық танымал журналист әрі тележүргізуші Динара Сәтжан ұлы Даниал Үскенбайдың үйлену тойын ұйымдастырды. Салтанатты шара демалыс күндері Астана қаласында өтті. Даниалдың жары — Айнұр есімді сұлу.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Той өткен соң Динара Сәтжан әлеуметтік желідегі парақшасында жас жұбайлардың бір ерекше сәтін бөлісті. Бейнежазбада Даниалдың қалыңдығын ақ көйлекте алғаш рет көрген кезі көрсетілген. Кадрлардан күйеу жігіттің Айнұрға телміре қарап, тебіренгені айқын байқалады. Бұл көрініс желі қолданушыларының да назарынан тыс қалмады.
Динара Сәтжан жазбасында баласының бақытын көру ана үшін ерекше сезім екенін жеткізді. «Балаларыңның бақытын көру – өмірдегі ең үлкен бақыттың бірі. Ана болу – тағдырдың ең үлкен сыйы. Әрбір анаға баласының бақытын көріп, осы теңдессіз сезімді жүрегімен сезінуді тілеймін. Балаң бақытты болса, сенің де жүрегің бақытқа толады», – деп жазды ол.
Желі қолданушылары жас жұбайларға жылы лебіздерін білдіріп, әсіресе Даниалдың қалыңдығына қараған сәтіне ерекше назар аударған. «Бұл көзқарасты ойнап көрсету мүмкін емес», «Өмір бойы оған осылай қарасын», «Керемет жарасымды жұп», «Махаббаттарыңыз мәңгі болсын», – деп жазды оқырмандар. Көпшілік Даниал мен Айнұрға бақытты отбасылық өмір тілеген.
