Спорт және туризм министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында лотерея заңнамасын бұзған 69 аккаунт анықталған. Олардың барлығына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-бабы 1-бөлігі бойынша шара қолданылған.
Заң бұзған аккаунттардың арасында Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова, актриса әрі блогер Әсел Асқар, Аружан Әбілова, Айым Алтынбекова (Aeka.Posh) және Елдос Қадірханов бар.
Министрлік жариялаған мәліметке сәйкес, Гүлзира Айдарбековаға 196 600 теңге айыппұл салынған. Ал Әсел Асқар мен Аружан Әбілова 648 750 теңгеден айыппұл төлейді.
Сондай-ақ Елдос Қадірханов пен «Aeka.Posh» атымен танымал Айым Алтынбековаға да 648 750 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Тізімде бұдан бөлек @aidana_kelin, @elshinzhanerke, @nazzizaru, @saltanat,a,e,official және @nurekengooy_8 секілді аккаунттар да бар.
Ең қомақты айыппұл «aitoli_aktau» аккаунтына салынған. Оның мөлшері 525 АЕК, яғни 2 064 300 теңге болған. Ал заң бұзғандарға салынған ең төменгі айыппұл 50 АЕК немесе 196 600 теңгені құрады.
Айта кетейік, бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов Қазақстанда лотерея өткізу үшін арнайы лицензия қажет екенін айтқан еді. Заңсыз лотерея ұйымдастырған блогерлердің әрекеті келтірілген шығын көлеміне қарай қосымша тексерілуі мүмкін.
Заң бұзған аккаунттардың толық тізімі Спорт және туризм министрлігінің ресми сайтында жарияланған.
