Қарағанды облысында үйлердің бірінің аумағынан жылан шықты (ВИДЕО)
Фото: ҚР ТЖМ
Қарағанды облысының Приозерск қаласындағы үйлердің бірінің аумағынан жылан шықты.
ТЖМ мәліметінше, 112 пультіне Приозерск қаласында тұрғын үйдің маңынан жылан байқалғаны туралы хабарлама келіп түсті.
«Оқиға орнына келген құтқарушылар жағдайды бағалап, арнайы «жылан ұстағыш» құралдың көмегімен бауырымен жорғалаушыны қауіпсіз түрде ұстап алды. Кейін жылан тұрғын үйлер мен адамдар көп жүретін жерлерден алыс, табиғи мекендеу ортасына жіберілді», – делінген хабарламада.
ТЖМ ескертеді: жыланды көрген жағдайда оны өз бетіңізше ұстауға немесе қуып жіберуге әрекет жасамаңыз. Сабыр сақтап, қауіпсіз арақашықтықты ұстаныңыз және балалар мен үй жануарларын оған жақындатпаңыз. Егер жылан қауіп төндірсе, 112 нөміріне дереу хабарласыңыз.
