Алматыда жаяу жүргіншілердің көз алдында дрифт жасаған жүргізуші 20 тәулік уақытын қамауда өткізеді (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин
Алматыда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, жаяу жүргіншілердің алдында дрифт жасаған жүргізуші 20 тәулік уақытын қамауда өткізетін болды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Полиция департаментінің мәліметінше, қауіпті маневр жасаған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал оқиғаның мән-жайы жүргізушінің өзі әлеуметтік желіге жариялаған бейнежазбасынан анықталған.
Бейнекадрларда көліктің қиылыста жүріп келе жатып, жолға көлденең сырғанағаны көрінеді. Жүргізуші күрт маневр жасап, қауіпті әрі агрессивті түрде қозғалысын жалғастырған. Ең қауіптісі – осы сәтте жаяу жүргіншілер бағдаршамның рұқсат беретін белгісімен жолдан өтіп бара жатқан.
Сонымен қатар бейнежазба барысында балағат сөздер айтылып, кейін ол әлеуметтік желіге жарияланған.
«Алматы полициясы жүргізушінің жеке басын анықтады. Ол жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен құқық бұзушыға 20 тәулік әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Бұл – жолдың «көзге түсерлік» көлік жүргізуді көрсетуге арналған орын емес екенін тағы бір мәрте көрсетеді. Ал қауіпті әрекетті әлеуметтік желіге жариялау жауапкершіліктен босатпайды. Керісінше, мұндай бейнежазбалар құқық бұзушылықтың мән-жайын анықтауға көмектеседі. Жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты талаптар баршаға ортақ», – делінген ПД хабарламасында.
